Қазақстан • 15 Қыркүйек, 2019

«ALMAFEST» – береке мен ізгіліктің мерекесі

344 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қыркүйек айының дәл ортасында алма фестивалін өткізу Алматы жұрты мен қала қонақтары үшін дәстүрге айналған. Бұл күні Қазақстанның Тұңғыш Президентінің саябағына жүз мыңдаған адам ағылып келіп, көптен күткен ең жылы, ауқымды мерекені ақыш аспан астында бірге тойлайды.

«ALMAFEST» – береке мен ізгіліктің мерекесі

Алатаудың баурайында құлпырып жатқан әсем Алматының туған күніне орай өткізілетін Almafest фестивалі – береке мен ізгіліктің, өнер мен құрметтің мерекесі. Еліміздің танымал тұлғалары өмірге келген, әрбір қазақстандық тағдырын байланыстырған алтын зерлі ару Алматы жанға жайлы қала ғана емес, бір көрген жанның жүрегінің төрінен орын алатын қасиетті мекен. Әлемге әйгілі, дәмі тіл үйірер тәтті алмасына арнайы құрмет көрсетіп, атын иеленіп, апортымен әлемге танылған шұғылалы шаһар жыл сайын меншікті мерекесінің шеңберіне бірнеше маңызды шараларды лайықты топтастыра алады.

Көркіне көрік қосып, гүлдене түскен Алматының табысты қалаға айналуы жолында атсалысып келе жатқаны үшін Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев алғыс айтып, шаһар жұртын қала күнімен құттықтады.

«Жыл өткен сайын дамып келе жатқан мегаполис бизнес бастамалар үшін келешегі мол инвестициялық алаң болып қала береді. Болжамға сенсек,  алдағы жиырма жылда Алматы халқының саны 3 000 000-ға жететіні жорамалданып отыр.

Алматы бұдан да әдемі, қауіпсіз, экологиялық таза, өмір сүруге қолайлы қала болғанын бәріміз де қалаймыз. Әлемдегі өмір сүру сапасы жоғары қалалардың біріне айналуы үшін Елбасы тапсырмасына сәйкес, біз биыл мегаполистің тарихындағы ең ірі жоба – қалалық ортаны жаңарту өзгерісін қолға алдық. Алматы – жастықтың, таланттардың, сұлулықтың, мейірімнің қаласы. Арманның орындалатын жері де – Алматы. Сондықтан Алматының болашағы зор. Мұның барлығы тұрғындардың береке-бірлігі мен табысты тірлігінің, сенім мен қолдаудың арқасында деп білемін» деді қала әкімі өз сөзінде.

Almafest-тің көңіл толқытар сәттерінің бірі – Алматы қаласының дамуы үшін ерекше еңбегі сіңіп, сан түрлі салада жетістікке жеткен  бірегей тұлғалардың «Алматы қаласының құрметті азаматы» атағымен марапатталуы. Бұл мәртебелі атақ бұрын тек үш адамға ғана беріліп келсе, қала әкімі мен мәслихат шешіміне сәйкес шығарылған биылғы жылдың жаңалығы, бірінші рет жеті бірдей азаматқа табысталды.

Сонымен, «Алматы қаласының құрметті азаматы» атағы Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік «Алматының жас балеті» классикалық би ансаблінің негізін қалаған әйгілі балет бишісі, хореограф  Болат Аюхановқа, Алматы қаласының дамуына айырықша еңбек сіңірген Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекке, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәрігер Мүсілім Дайырбековке, Ұлттық ғылым академиясының академигі Аманжол Қошановқа, белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісовке, белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Олжас Сүлейменовке және 75 жыл өмірін театр мен киноға арнап, 300-ден аса рөл ойнаған Қазақстанның халық әртісі Юрий Померанцевке берілді.

«Бұл мәртебелі атақты бұрын да алуыма болатын еді. Бірақ «Ештен кеш жақсы» деген, бірде Мәскеуден іссапардан оралсам, менің атыма хат келіпті. Хатты сол кездегі Павлодар облысының әкімі Бақытжан Сағынтаев жолдаған екен. Хатта әкім менің жас күнімде жазған шығармаларымнан бастап, баспадан шыққан әрбір жаңа кітабымды қадағалап жүріп оқитын оқырманым екенін баяндапты. Сондықтан бұл құрметті атақты кеш болса да, менің шығармашылығымды жоғары бағалап, арнайылап хат жазып, көңілімді өсірген байырғы оқырманым Бақытжан Сағынтаевтың қолынан алғаныма қуаныштымын» деді қарт қаламгер Әбдіжәміл Нұрпейісов.

Сондай-ақ биыл алғаш рет Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаевтың шешімімен тағайындалып отырған «Еңбегі үшін» төсбелгісін қаланың өркендеуі жолында еңбек сіңіріп келе жатқан бірқатар азаматтар иеленді. Олардың арасында «Тұран» мемлекеттік университетінің ректоры Рахман Алшанов, Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Ақан Бижанов, Алматы қаласы Ардагерлер ұйымының төрағасы, академик Еренғайып Шайхутдинов, медицина ғылымдарының докторы, профессор Мырзакәрім Алшынбаев, Алматы қаласы Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығының басшысы міндетін атқарушы Мамай Ахетов, Алматы қаласы Менеджмент және сервис колледжінің директоры Роза Бадаева және тағы басқа ел өмірі үшін игілікті салаларда озық ісімен көрінген даралар марапатталды.

Қала күні мерекесі аясында ашық аспан астында әртүрлі шаралар қатар ұйымдастырылып, «Alma Art», «Alma Bazar», «Alma Master», «Alma Auen», Alma Drive» алаңдары жұмыс істеді. Мерекеде алманың жиырмадан астам түрі төмендетілген бағамен сатылымға шығарылды. Қалалықтар мен қала қонақтары Президент саябағының орталық алаңында «МузАрт», «Жігіттер» тобы, Нұрлан Абдуллин, Кентал, басқа да белгілі эстрада әншілерінің, би ұжымдарының ауқымды концерттік бағдарламасын тамашалады. 

 

АЛМАТЫ